Алматының зообағында оқыстан киік өліп қалды

144

Алматының жануарлар бағында Қызыл кітапқа енген киіктің ұрғашысы оқыс жағдайда өліп қалды, деп хабарлайды BNews.kz.

Оқиға 11 шілде күні болған. Зообақ әкімшілігінің болжамы бойынша, киікті келушілердің бірі ызаландырған болу керек. Ызаланып сүзбекші болған оның мүйізі торға ілініп, жерге құлаған кезде мойын омыртқасы сынған.

«Ұрғашы киік екі ай бұрын егіз лақтаған болатын. Төлдеген кезде олар өте ашушаң әрі қырағы келеді. Сол себепті зообақ әкімшілігі киіктердің торын арнайы қоршаумен қоршап, одан өтуге болмайтынын ескертетін тақтайша іліп қойды. Киікті қалай ызаландырғанын білмейміз, қасында қызметкерлер болмаған», – деді болған оқиғаның мән-жайын түсіндірген Алматы зообағының баспасөз хатшысы Тоқтар Әлиев.

Оның айтуынша, киіктің өлу себебін ветеринар сол күні анықтапты. Ол сондай-ақ көп кешікпей басқа ұрғашы киік әкелінуі мүмкін екенін айтып қалды. Әзірге мұнда киіктің текесі және жетім қалған екі лақ өмір сүріп жатыр.

Фото: khabar.kz

Источник: zakon.kz