Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтитын жаңа бағдарлама &#1…

72

«Береке» бағдарламасы аясында 3 жылда ауылдарда жаңа 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері ұйымдастырылып, олар сүт қабылдау бекеттері мен отбасылық бордақылау алаңдарын құрады. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл халқын өнімді жұмыспен қамту мақсатында министрлік жаңа жоба әзірледі. Бұл жобаның негізгі мақсаты — ауылдық елді мекендерде өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындарды микронесиелеу арқылы жаңа өнім өнімдіру бағытын дамыту. Бірінші кезекте, басты бағыт ретінде министрлік тарапынан сүт қабылдау бекеттерін және кішігірім мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл жобалардың ерекшелігі — тікелей ауыл шаурашылығы кооперативтеріне біріктіру арқылы жүргізіледі», — дейді Е.Ахметов.

Жалпы, департамент директоры атап өткендей, осы жобаның аясында өзін-өзі жұмыспен қамтитын жеке қосалқы шаруашылықтарды жұмылдыру көзделіп отыр. Бүгінде елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған халық саны 1,5 миллионға жеткен.

«Осы жобаның аясында 190 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтарды несиелеу арқылы кешенді шараға жұмылдыру межеленген. Бұл бағдарлама ауылдық елді мекендерде жаңа 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі өнімді өткізу мәселесін шешу мақсатында министрлік қайта өңдеу өнеркәсібін саралады. Бүгінде сүт өңдейтін зауыттардың қуаттылығы тек 60 пайызға жүктелген. Сондықтан басым бағыт ретінде сүт қабылдау бекеттерін құру бойынша жоба анықталып отыр. Себебі, осы қуаттылықты толық жүктеу қажеттілігі бар», — деді ол.

Жоба үш жылға жоспарланған. 2016 жылдың соңына дейін 192 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Олардың ішінде 147 сүт қабылдау бекеті мен 2786 отбасылық бордақылау алаңын біріктіру жоспарланған.

«Сонымен қатар, жаңадан құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері өнім өндіру саласының басқа да бағыттары — жеміс-жидек, көкөніс өндіру, жүн, тері шикізатын жинақтау және кішігірім құс шаруашылығымен айналысу арқылы табыс таба алады», — дейді Е.Ахметов.

Қазіргі уақытта барлық өңірлерде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету шараларын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізілуде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауыл халқына шағын несие беру шарттары бекітілген. Микрокредиттер 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 3-7 млн теңгеге дейін 3-7 жылға берілетін болады. Жеке қосалқы шаруашылықтарға сатып алынатын қондырғыларды кепілге қою арқылы шағын несие алуға мүмкіндік бар.

Жыл басынан бері қаржылай қолдау қоры арқылы сүт қабылдау бекеті мен бордақылау алаңын құруға 1300-ден астам өтінім қаржыландырылған. Барлығы 3,13 млрд теңге микрокредит берілді.

Фото:Baq.kz.

Источник: zakon.kz