Қазақстандық ескекшілер Рио Олимпиадасына 11 лицензия алды

52

Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 11 ескекші барады. Байдарка мен каноэда желдей есетін спортшыларымыз бәске тігілген 12 лицензияның 11-ін ұтып алды. Қазір саңлақтар Беларусь елінде соңғы дайындықтан өтіп жатыр.Байдарка мен каноэда ескек есу қазақ үшін таңсық спорттың түрі. Десе де, бүгінде оның дамуы қарқын алып жатыр, деп жазады 24.kz арнасы.

Біздің ескекшілер Рио Олимпиадасына 11 лицензия ұтып алған. Бұл бұрын-соңды болмаған жайт. 12 лицензияның 11-ін ұтып алған ескекшілер Астана, Алматы, Орал және Шымкент қалаларының саңлақтары. Бұған дейін Олимпиадаға жолдаманы осыншама спортшының бәрі бірдей алмаған еді. Лондонда өткен соңғы додаға не бәрі 4 ескек есуші қатысқан екен.

Асқат Қалиақпаров, ескек есу бапкері:

— Бірінші рет ондай оқиға болып жатыр бізде. Оның себебі, біз көбіне беларустік бағдарламамен дайындалып жүрміз. Солармен бірге қатынасып жүрміз. Соның арқасында деп ойлаймын мен. Біздің ескекшілер Олимпиада қарсаңында қазір де Беларусь елінде шеберлігін шыңдап жүр. Бұл спортшылар жас буынға үлгі-өнеге.

Әнуар Актюрин, ескек есуден ҚР чемпионы:

— Мен біздің Олимпиадашылардың жаттығуын әлеуметтік желіден бақылап жүрмін. Дайындықтары жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мен де олар секілді үлкен жетістікке қол жеткізуді жоспарлаудамын. Бүгінде мен Қазақстан чемпионымын. Ендігі шыңым – Венгрияда өтетін халықаралық регата. Онда 30 елдің ескекшісі қатысады.

Едіге Қозыбаев, жас спортшы:

— Илья Голендов, Александр Емельянов, Дулет Сұлтанбеков және Андрей Гарчов Риоға барады. Оларға сәттілік тілеймін. Болашақта солар сияқты үлкен спортшы болғым келеді.

Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында топ жарған спортшыларымыз бұған дейін Олимпиада шыңынан көрінген емес. Бұл жолы Олимпиадашыларымыз олжалы оралады деген сенім бар.

Жасын Біркенов, Жандос Битабаров

Фото: 24.kz

Источник: zakon.kz