Алматыда жыл соңына дейін 2 жарым мың апатты жағдайдағы ағаштардың көзі жойылады. Өйткені, олар автокөліктер мен тұрғындардың өмірі үшін қауіп төндіруде.Тіпті кейбір ағаштарға жарты жылдан астам уақыт өткен. Ал жыл басынан бері 54 апаттық ағаш жерге құлап, оның 6-уы көліктерді қиратыпты.Тек мамыр айының өзінде 31 ағаш сынған, деп жазады Алматы телеарнасы.
Дабыл қаққан мамандар Түрксіб ауданындағы апатты жағдайда тұрған ағаштарды түбімен отап тастады. Жалпы биыл бұл ауданда осы тектес 200 ағаш қиратылатын болады. Оған қоса, 2 мың жасыл желек санитарлық қырқуды талап етеді екен. Бұл тек бір аудан ғана бойынша айтылған дерек. Ал Алматы қаласы бойынша 2016 жылы 2 жарым мыңнан аса апатты жағдайдағы ағаш түбімен оталып тасталады. Әсіресе, Наурызбай, Әуезов, Медеу мен Жетісу аудандарындағы ағаштарға аса мән берілмек. Ал алматылықтар болса ағаштардың жағдайын дәл анықтай алмаса да, сыртынан сау деп болжай беретін көрінеді. Бірақ мамандардың бұл тұрғыда айтары басқа.
«2007-2013 жылдар аралығында Алматы қаласында орман және ауру бейімділігіне зерттеу материалы жүргізілген. Сол материал бойынша қалада 1 млн 300 мың ағаш саналып, оның 39 мыңға жуығы апатты деп саналған», — деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Мұрат Жексембаев.
Мамандардың айтуынша, Алматыда ағаштардың басым бөлігі 40 жылдан астам уақыт бойы тұр. Түрі бүтін болғанымен, түбі шірік. Мұндай ағаштар жел соқса немесе жаңбыр жауса қурап тұрғандықтан жерге құлауы мүмкін. Сондықтан олардың орнына 25 мың жаңа көшет отырғызылмақ. Қалаға жапырағын кеңге жаятын және шаң-тозаңға төзімді жасыл желектің түрлері егіледі.
Мамандар болса тұрғындардың көпшілігі жиі дабыл қағып, Алматы қаласы әкімдігінің инстаграм желісіне өтініш жаза береді деп отыр. Сондықтан үй ауласында қураған ағашты көріп немесе бәз біреулер заңсыз отап жатыр деп күдіктенсеңіздер оның заңдылығын басқарманың э 272-54-89 нөмірінен біле аласыздар!
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов
Фото: nversia.ru
Источник: zakon.kz