Мәскеуде «Қазақстан – ұлы дала елі» фотокөрмесі ашылды

70

Мәскеуде көшенің қақ ортасында «Қазақстан – ұлы дала елі» атты фотокөрме ашылды. Игі шараға Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен бірлесіп «National Geographic Ресей» мұрындық болған, деп хабарлайды BNews.kz.

Көрмеге Қазақстанның әсем табиғатын суреттейтін 60-тан астам фотожұмыс қойылған, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада мен Астанадағы ЭКСПО көрмесі де қамтылды, деп мәлімдеді «National Geographic Ресей» баспасөз қызметінен.

«Бұған қоса, «Қазақстан – ұлы дала елі» фотокөрмесі биыл «National Geographic Қазақстан» журналының қазақ тілінде жарыққа шығуына орайластырылып отыр», — деп атап өтті «National Geographic Ресей» журналының бас редакторы Андрей Паламарчук.

Ол экспозицияның басты тақырыптарының бірі елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесі екенін еске салды.

«ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы, яғни «Болашақ энергиясы» – барша адамзат үшін өте өзекті әрі біздің журналымызға да жақын тақырып. Біздің басылымның міндеті де – қоршаған ортаны қорғау және оқырмандарды осыған жігерлендіру», — дейді А.Паламарчук.

Фотокөрме ұйымдастыру үшін «National Geographic Ресей» журналының шеф-фотографы және суреттердің авторы Андрей Каменев Қазақстанда бір айға жуық экспедицияда болған.

Фотокөрме 24 тамызға дейін ашық болады, мекенжайы – Никольская көшесі.

Фото: BNews.kz.

Источник: zakon.kz