ОҚО-да құрылыс қарқыны артып, көпқабатты ү…

58

Осыдан 5 жыл бұрын ойлы-қырлы сары дала уақыт өте келе көздің жауын алатын көрікті қалашыққа айналады деп кім ойлаған? Шымкент қаласында күннен күнге жаңарып, жанданып келе жатқан Әкімшілік-іскерлік орталығының сәулеті мен құрылысы кім-кімді де қызықтырмай қоймасы анық. Бүгінге дейін пайдалануға берілген нысандар сол сәулеттің алғашқы кезеңі ғана. Мұнда әлі көптеген маң-ызды, көркем ғимараттар бой көтереді. Маңыздысы да сол, Әкімшілік-іскерлік орталығында тек мәдени, әкімшілік ғимараттардан бөлек, жалпы саны 187 көпқабатты тұрғын үй орналасады деп күтілуде. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӨБЕЙЕДI

Бас жоспарға тоқталсақ, болашақта Әкімшілік-іскерлік орталығында бүгінге дейін құрылысы аяқталған нысандарды қоса есептегенде 20 әкімшілік ғимараттары бой көтереді. 14 халыққа қызмет көрсету орталықтары, 187 көпқабатты тұрғын үй, 1 діни орталық, 1 оқушылар сарайы, 5 мектеп, 5 балабақша, 2 спорт мектебі, 2 би және фитнес залы, 1 спорт кешені, 3 емхана, 2 дәріхана, 31 коммерциялық нысандар орналасады. Осы мақсатта атқарылатын жұмыстардың көбі 2018 жылға дейін жоспар бойынша жүзеге асады. Бұған қоса, Әкімшілік-іскерлік орталығының архитектуралық келбетін жетілдіру, саябақтық демалыс аумақтарын дамыту іс-шаралары атқарылуда. Осы аймақтағы үлкен сайды сумен толтырып, айналасын абаттандырып, керемет саялы демалыс орнын салу нұсқасы да қаралған.

ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Аталған жобалардың құрылыс жұмыстары туралы Шымкент қаласының құрылыс бөлімінен мәлімет алдық. Тұрғын үй секторының меңгерушісі Бақыт Егізбаев:

– «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 тұрғын үйдің және 1 жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жатақханада 35 пәтер болады. Жас отбасыларға арналған 216 пәтерлі 1 тұрғын үй 2015 жылдан 2016 жылға өтпелі болатын, биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пайдалануға беріледі, – деді.

Сондай-ақ, Б.Егізбаевтың сөзіне сүйенсек, салынып жатқан коммуналдық (арендалық) тұрғын үйдің саны – 6. Биыл пайдалануға 90 пәтерден тұратын 2 үй берілсе, қалған 4-інің құрылыс жұмыстары 2017 жылға өтпелі. Қосымша 9 қабатты 4 коммуналдық тұрғын үйдің мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Олардың әрқайсысы 144 пәтерлі болмақ. Бұдан бөлек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жоспары негізінде 11 тұрғын үйдің жобасы әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында құрылыс жұмыстарымен қатар, инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету барысында да талай шаруа қолға алынған. Абаттандыру, сумен, газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жарықтандыру бойынша «Нұрсәт» шағынауданынан «Бозарық» шағынауданына дейінгі аралықта жоғары кернеулі электр желісін орнату ісі қарқынды жүргізілуде. 110 кВт-тық қосалқы станциясының құрылысы да келесі жылға өтпелі.

– Бүгінгі таңда 13 үйдің жобалау-сметалық құжаттамасының 4-іне мемлекеттік-сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған 9-ы осы сараптамаға тапсырылды. Сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге ұсыныс беріледі. Бұдан басқа тағы 9 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – дейді жобалау секторының меңгерушісі Сенбек Көлбаев.

Құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, Әкімшілік-іскерлік орталығында екі мектеп құрылысы және әлі атауы берілмеген 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12-ші көшелерінде жол құрылысының жұмыстары басталған.


Источник: zakon.kz